• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2016

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығы №134

253 рет
көрсетілді

  2016 жылғы 15 наурыз , Астана қаласы Мемлекеттiк монополия субъектiсi өндiретiн және өткiзетiн тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгiлеу қағидаларын бекіту туралы 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 120-бабының 1-тармағына және «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 4-5) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттiк монополия субъектiсi өндiретiн және өткiзетiн тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгiлеу қағидалары бекітілсін. 2. «Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 178 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10150 тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 26 ақпанда жарияланған) күші жойылды деп танылсын. 3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен: 1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді; 2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін баспа және электрондық түрде мерзімді баспасөз басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді; 3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды; 4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін. 4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін. 5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Е.ДОСАЕВ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2016 жылғы 15 наурыздағы №134 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қыз­меттерге баға белгiлеу қағидалары (бұдан әрi – Қа­ғи­далар) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Кәсіпкерлік кодексіне (бұдан әрi – Кодекс) және «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 нау­рыз­дағы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес әзiрлендi. 2. Осы Қағидаларды қолдану мақсатында мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) баға белгiлеу – мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды қалыптастыру және қарау процесi; 2) мемлекеттік монополия субъектісі (бұдан әрі – субъект) – Қазақстан Республикасының Үкiметi не Қазақстан Республикасы Үкiметiнің шешімі бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорын; 3) негiзделген баға – субъектiнiң негiзделген шы­ғын­дарының және пайдасының негiзiнде айқындалған баға; 4) қайта құрылған субъект – бір қаржы жылы ішінде нақты шығындары қалыптаспаған, құрылған сәтінен бастап күнтізбелік бір жылдан кем уақытта тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіретін және өткізетін мемлекеттік монополия субъектісі; 5) өзiндiк құн – субъект өндіретін және өткізетін тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бағасында уәкiлеттi орган ескеретiн шығындар жиынтығы; Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады. 2. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу 3. Тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға қалыптастыру тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң әрбiр түрi бойынша шығындарды бөлек есепке алу негiзiнде жүзеге асырылады. Субъектiде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң түрлерi бойынша шығындарды бөлек есепке алу болмаған жағдайда, субъектiнiң шығындары субъектiнiң жалпы шығындарындағы кірістердің үлес салмағы (көлемi, өндiрiстiк персоналға еңбекақы төлеуге арналған шығындар) бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi өткiзетiн субъектiнiң белгiлi бiр қызмет түрiне жататын шығындарды айқындауды көздейтiн жанама әдiстердiң негiзiнде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң түрлерi бойынша бөлiнедi. 4. Қайта құрылған субъектінің өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды қалыптастыруы қалыптасатын нақты шығындар бойынша күнтізбелік жыл өткен соң баға сараптамасынан қайта өткен жағдайда жоспарланатын шығындардың негізінде жүзеге асырылады. 5. Субъектiнiң тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтерiне негiзделген баға қалыптастыру кезiнде өзіндік құнда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi өндiруге (көрсетуге) тiкелей жататын шығыстар және негiздеушi құжаттармен (шарттармен, шот-фактуралармен, қаржылық құжаттармен) расталған: 1) растайтын құжаттарда (шарттар, шот-факту­ра­лар) көзделген бағаларға және материалдық ресурс­тардың нақты көлеміне сүйене отырып, тауар­лардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң бiрлi­гiн шығаруға арналған шикiзат, материалдар, отын, энергия, материалдық ресурстар шығысының қолданы­латын нормаларына және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларына сүйене отырып, айқындалатын материалдық шығыстар; 2) оларды жүргiзу қажеттігiн құжаттамалық техни­калық растау және жиынтық сметалық есептемелер, объектiлiк, жергiлiктi және ресурстық сметалар (әрбiр объект бойынша жеке) болған жағдайда, субъектiнiң негiзгi құралдар құнының өсуiне әкелмейтiн ағымдағы және күрделi жөндеуге және басқа да жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарына жiберетiн қаражаты; 3) шығыстарға бағытталған, бағаның шығын бөлi­гiнде ескерiлмеген субсидияларды қоспағанда, баға­ның шығын бөлiгiн азайтуда ескерiлетiн субъектiге мем­лекеттiк бюджет қаражатынан бөлiнетiн субсидиялар; 4) еңбек жағдайлары үшiн еңбек заңнамасына сәйкес қосымша ақылар мен үстемеақылар төлеудi қоса алғанда, персоналға еңбекақы төлеуге жұмсалатын шығыстар бағаларды қалыптастыру кезiнде ескерiледi, бұл ретте еңбекақы төлеуге жұмсалатын шығыстарды айқындау кезiнде персоналдың (әкiмшiлiк-басқару және өндiрiстiк) нақты саны және инфляция деңгейiнiң болжамды өзгерiсiн ескере отырып, қолданыстағы бағалармен қабылданған орташа айлық жалақы есепке алынады; 5) субъектiнiң есепке алу саясатында көзделген әдiстi пайдалана отырып айқындалатын және негiзгi құралдар құнының ұлғаюына алып келетiн күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзуге жіберілетін, инвестициялық бағдарламаларды (жобаларды) iске асыруға арналған амортизациялық аударымдарға; 6) оларды тарту қажеттiгiн құжаттамалық растау, әлеуеттi өнiм берушiлердi, қызметтердi қаржыландыру және қарыз ресурстарын қайтару шарттары болған жағдайда инвестициялық жобаны iске асыруға немесе тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өндiрiсiнде қолданылған негiзгi құралдарды сатып алуға (инвестициялық бағдарлама (жоба) болмаған жағдайда) қарыз қаражаты үшiн сыйақы төлеуге арналған шығыстар; 7) аудиторлық, консалтингтiк, маркетингтiк қызметтерге; 8) қоршаған ортаға эмиссия үшiн ақы төлеуге; 9) кезең шығыстарында ескерiлетiн мiндеттi сақтандыру түрлерiне, салықтарға, алымдарға және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерге арналған шығыстар ескеріледі. 6. Cубъектiнiң бағаларын қалыптастыру кезiнде өзiндiк құнда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi өндiруге (көрсетуге) тiкелей жатпайтын, сондай-ақ негiздеушi материалдармен (шарттар, шот-фактуралар, қаржылық құжаттар) расталмаған шығыстар, оның iшiнде: 1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызмет­тердi өндiру (көрсету) кезiнде пайдаланылмайтын негiзгi құралдардың амортизациялық аударымдары; 2) ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарындылары (тастандылары) үшiн төлемдер; 3) үмiтсiз борыштар; 4) шаруашылық шарттардың талаптарын бұзғаны үшiн айыппұлдар, өсiмпұлдар, тұрақсыздық айыбы және санкциялардың басқа да түрлерi, сот шығындары; 5) кірісті жасырғаны (кемiткенi) үшiн айыппұлдар мен өсiмпұлдар; 6) ұрлықтан келген залалдар; 7) қызмет көрсетушi шаруашылықтар мен учаскелер өндiрiсiне тартылмаған активтердi ұстауға арналған; 8) кәсiптiк-техникалық училищелердi қоспағанда, денсаулық сақтау, мектепке дейiнгi балалар ұйымдары, оқу орындары объектiлерiн ұстауға арналған; 9) сауықтыру лагерьлерiн, мәдениет және спорт объектiлерiн, тұрғын үй қорын ұстауға арналған; 10) пайызсыз несиелерді қоса алғанда, ұйым жұ­мыскерлерiнiң тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, бау-бақша үйлерiн сатып алуға және үй шаруашылығымен айналысуға алған несиелерiн өтеуге арналған; 11) мәдени-ағарту, сауықтыру және спорттық iс-шараларды өткiзуге арналған; 12) бау-бақша серiктестiктерiн абаттандыруға (жол­дар салу, энергиямен және сумен жабдықтау, жалпы сипаттағы басқа да шығыстарды жүзеге асыру) арналған; 13) демеушiлiк көмек көрсетуге арналған; 14) ақаудан болған шығындарға арналған; 15) өндiрiстi вахталық ұйымдастыруды қоспағанда, субъектiлердiң персоналы үшiн пәтерлердi, тұрғын ғимараттарды және құрылыстарды, жатақханалар мен қонақ үйлердегi орындарды сатып алуға, жалдауға және ұстауға арналған; 16) мерейтойлар күнiне немесе жұмыскерлерге ынталандыру түрiнде берiлетiн сыйлықтарды сатып алуға арналған; 17) нормативтен тыс техникалық және коммер­­циялық шығындарға, тауар-материалдық құнды­лық­тардың, қоймадағы қорлардың бұзылуына және жетiспеушiлiгiне, басқа өндiрiлмейтiн шығыстарға; 18) жұмыс қорытындылары бойынша сыйлықақы беруге және ынталандырудың басқа да нысандарына арналған; 19) өндiрiстiк қажеттiлiкке байланысты iс-шара­ларды қоспағанда, оқытатын курстарды, семинарларды, тренингтердi, лекцияларды, көрмелердi, пiкiрталастарды, ғылым мен өнер қайраткерлерiмен кездесулердi, ғылыми-техникалық конференцияларды өткiзуге және ұйымдастыруға арналған; 20) қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтарға мүшелiк жарналарға арналған; 21) бiлiм беру ұйымдарында оқитын жұмыс­кер­лердiң оқу демалыстарына ақы төлеуге арналған; 22) кәсiби ауруларды оңалтып емдеуге байланысты шығындардан басқа, субъектiнiң қаражаты есебiнен жұмыскерлердiң және олардың балаларының емделуiне, демалуына, экскурсияларына арналған жолдамаларға ақы төлеуге арналған; 23) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мiндеттi сақтандыру төлемдерiн қоспағанда, сақтандыру төлемдерi (субъект өз жұмыскерлерiнiң пайдасына жасаған жеке және мүлiктi сақтандыру шарттары бойынша субъект төлеп отыратын жарналар); 24) жұмыскерлерге қосымша берiлген демалыс­тарға (Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделгеннен тыс), оның iшiнде бала тәрбиелеп отырған әйелдерге ақы төлеуге, жұмыскердiң отбасы мүшелерiне демалысты пайдаланатын жерге бару және қайту жолына ақы төлеуге арналған шығыстар; 25) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделгеннен басқа, субъектiнiң жұмыскерлерiне жеңiлдiктер; 26) мектепке дейiнгi мекемелердегi, санаторий­лердегi және сауықтыру лагерлерiндегi балалардың тамақтану құнын өтеуге жұмсалатын шығыстар; 27) ұжымдық шартта айқындалған мақсаттар үшін кәсiптiк одақтарға аударымдар ескерiлмейдi. 7. Негiзделген бағаға енгiзiлетiн пайданың деңгейiн айқындау кезiнде субъектiлердiң тиiмдi жұмыс iстеуiн және дамуын қамтамасыз ететiн қаражат ескерiледi. 8. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 88-бабының 26) тармақшасына сәйкес монополияға қарсы орган осы Қағидаларға сәйкес субъект өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасына сараптама жүргiзедi. Бағаларға сараптама жүргiзу үшiн субъектiлер мыналарды: 1) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілген қызмет­терге мемлекеттiк монополия енгiзiлген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрмей, баға деңгейiн растайтын негiздемелiк материалдарды қоса бере отырып, босату бағалары туралы жазбаша нысандағы ақпаратты; 2) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бағаларының алдағы уақытта өзгеретіні (өсетiнi және (немесе) төмендейтіні) және өзгеру (өсу және (немесе) төмендеу) себептерін растайтын, негiздейтін материалдарды қоса бере отырып, олардың өзгеруінің (өсудің және (немесе) төмендеудің) себептерi туралы жазбаша нысандағы хабарламаны кемiнде күнтiзбелiк отыз күн бұрын бередi. Бағалардың алдағы уақытта өзгеруі (өсуі және (немесе) төмендеуі) туралы хабарламаға мыналар қоса берiледi: 1) өзгеру (өсу және (немесе) төмендеу) себептерiн рас­тайтын құжаттар (шикiзат, материалдар, көрсе­тіле­тін қызметтер құнының өзгеруін (өсуін және (немесе) төмендеуін) растайтын тиiстi шарттардың көшiрмелерi); 2) қызметтiң әрбiр түрi бойынша бағалар жобасы; 3) бухгалтерлiк баланс; 4) пайдалар мен залалдар туралы есеп; 5) еңбек және жалақы жөнiндегi есеп; 6) өндiрiстiк-қаржы қызметi туралы есеп; 7) негiзгi құралдар мен материалдық емес активтердiң болуы және олардың қозғалысы; 8) тұтастай кәсiпорын және қызметтің әрбiр түрi бойынша жеке шығындар баптары бойынша таратып жаза отырып, бағалардың жобасын есептеу үшiн қолданылатын кірістер мен шығыстар туралы жиынтықты деректер; 9) еңбекақы төлеудiң қолданылып отырған жүйесi туралы мәлiметтер; 10) шикiзат және материалдар шығысының қолданылып отырған нормалары, жұмыскерлердiң нормативтiк саны туралы мәліметтер; 11) бар болған жағдайда, есепке алу саясаты; 12) бар болған жағдайда, инвестициялық бағдарламалар (жобалар); 13) ағымдағы және күрделi жөндеуге және негiзгi құралдар құнының өсуiне алып келмейтiн басқа да жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарына бағытталған шығындардың жылдық сметасы; 14) негiзгi құралдар құнының ұлғаюына алып келетiн күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзуге бағытталған шығындардың жылдық сметасы; 15) негiзгi құралдарды пайдалану мерзiмiн көрсе­те отырып, амортизациялық аударымдардың есептемелері; 16) өткiзудiң жоспарланған көлемiн растайтын құжаттар – ниет білдіру хаттамалары, шарттар, өндiру (жеткiзу) көлемдерiнiң есептемелерi, жобалық қуаты және оны iс жүзiнде пайдалану туралы деректер, сондай-ақ өндiрiс (жеткiзу) көлемi төмендеген жағдайда субъектiлер негiздеме ұсынады; 17) дебиторлық және кредиторлық берешектiң таратылып жазылуы. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әді­лет министрлігінде 2016 жылғы 13 сәуірде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №13588 болып енгізілді.